Желаяқтар үшін магний неге маңызды?

 

Адам денсаулығы мықты болуы үшін спортпен шұғылданып, салауатты өмір салтын ұстанса, сол жеткілікті деген пікір қалыптасқан. Алайда дұрыс тамақтану арқылы ағзамызға қажеттінің бәрін ала бермейміз. Ал жүгіру тек шыдамдылықты шыңдап, сымбатты жақсартып қана қоймайды, сонымен қатар, ағзадағы кейбір маңызды заттардың тапшылығын тудыруы мүмкін. Бүгін біз сіздерге мангий туралы сөз қозғаймыз. Оның пайдасы, не үшін жүгірумен айналысатындар магний тапшылығы бар адамдар тобына жататынын және ағзадағы осы макроэлементке қажеттілікті қалай тез және оңай толтыруға болатынын әңгімелейміз.

 

Магний – бұл адам денсаулығы үшін аса маңызды минерал. Ол бұлшықеттердің жұмысына, оттекті сіңіру, энергия өндіру және электролиттер теңгеріміне әсер ететін 300 аса процестерге қатысады. Барлық биологиялық процестердің басты энергия көзі – АТФ (аденозинтрифосфат) – магнийдің қатысуымен өндіріледі.

Адамның денесінде шамамен 25 г магний бар, оның 90% бұлшықеттерде және сүйекте. Бұл минералдың тапшылығын анықтау қиын, өйткені, сарысудағы магний (яғни, қан талдамасы арқылы анықтағандағы қан құрамындағы мөлшері) – бұл адам денесіндегі магнийдің небәрі 1% ғана. Сондықтан, «магний тапшылығы» диагнозы сирек қойылады, дегенмен, БДҰ мәліметтері бойынша ересек адамдардың шамамен 60% пайызы тамақтану арқылы бұл минералдың қажетті мөлшерін ала алмайды.

Магнийдің жетіспеушілігінің себептеріне:

  •  Асқазан-ішек жолдарының аурулары.
  • Теңгерімсіз диета (фаст-фуд пен өндірістік өңдеуден өткен азық-түлікті көп қолдану).
  • Кофеинді, қантты және алкогольді көп мөлшерде қолдану.
  • Кейбір дәрілік препараттарды қабылдау: диуретиктер, глюкокортикоидтер, гормондар, іш айдайтын, салмақ түсіретін препараттар.
  • Жоғары физикалық және спорттық жүктемелер.
  • Күйзеліс.

 

Магний жетіспеушілігінің көп тараған белгілері:

 

  • Түйілу, тартылу, бұлшықеттердің құрысуы (көбіне – балтыр бұлшықеттері).
  • Бас ауруы, бас айналу, әлсіздік, жұмыс істеу қабілетінің төмендеуі, мазасыздану, ашушаңдық.
  • Гипертония, гипотония, аритмия, жүректің ауыруы және жүрек соғысының жиілеуі.

 

Магний жетіспеушілігің алдын алу немесе тапшылықпен күресу үшін құрамында магнийге мол өнімдерді тұрақты түрде қолдану қажет:

 

  •  Салат жапырағы, шпинат.
  •  Бұршақтар.
  •  Жаңғақтар, дәнектер.
  •  Авокадо.
  •  Теңіз балдырлары.

Алайда бұл өнімдерді күн сайын жеген күннің өзінде, магнийдің ағзаға қажеттілігін толық өтеу мүмкін емес. Желаяқтар, әдетте, салауатты өмір салтын ұстанады, алкоголь мен фаст-фудты шектен тыс қолданбайды, дегенмен, жүгірудің өзі магний тапшылығының себебі болып табылады.

Марафоншыларға зерттеу жүргізілген, сол кезде марофоннан кейін қатты «түсіп» кететін заттардың бірі – магний екені анықталған. Сонымен қатар, магнийдің төмен деңгейі жүректің сол қарыншасының қызметінің бұзылуына әкеліп соғатыны анықталған. Бұл аритмияның пайда болу қаупін ұлғайтады. Ұзақ және өте ұзақ арақашықтыққа жүгіру кезінде міндетті түрде изотониктердің көмегімен су-электролитті теңгерімді толтырып отыру керек.

 

 

 

 

Нұсқау